Рус

Жаңалықтар

4 күндік театр мерекесі

1-желтоқсан ҚР Тұңғыш президенті күні мерекесіне және Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы тапсырмасына орай «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының демеушілігімен Жаңаөзен қаласына Маңғыстау облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық-драма театры іссапармен келді. Театр шымылдығы «Әлиханның аманаты» пьесасымен ашылды. Пьесада елдің байлығы да, бақыты да, бағы да Тәуелсіздік екенін жете түсінген ел арыстары барша жиған-тергенін, мүлік-мүкәммалын, ақыл-парасатын , қажыр-қайратын, тіпті өмірін Тәуелсіздік жолына құрбандыққа шалады. 

Ұлты үшін еңбек етуді парыз деп есептеген олардың жанкештілігіне қарап отырып, өскелең ұрпақ тәуелсіздіктің аспаннан топ ете түспегенін жан-дүниесімен ұғынып, терең сезінді. «Бұл қазақта жігіттер бар нарқасқа» (Төлеген Айбергенов) демекші, қазақтың нарқасқа жігіттерінің бірін қалдырмай қырып тастаған зұлмат заманға лағнет айтты көрермен. Жылады, жүрегі ауырды. Театр әртістерінің талантына тәнті болды. Қойылым соңында сөз алған бас директордың транспорт және әлеуметтік сұрақтар жөніндегі орынбасары Мақсат Ибағаров көпшілікті мерекемен құттықтай отырып, өнер ұжымына компания атынан шексіз алғысын білдірді.

«Тәуелсіздік - бүгінгі сәтте көптеген ұлт пен ұлыстың жүрегін сыздатқан арман. Аллаға шүкір, бүгінде Тәуелсіз елміз. Тәуелсіздіктің буынын бекітіп, оны нықтау әрбір азаматтың парызы. Рухани жаңғыру мақаласында Елбасы бізге бірқатар тапсырмалар жүктеді. Облыстық драма театрды қаржылай демеп, 4 күн бойы Жаңаөзенде көрермендермен қауыштыруды «Өзенмұнайгаз» АҚ басқармасының шешімімен ұйымдастырып отырмыз. Бұл да болса біздің рухани жаңаруымызға септігін тигізеді деп ойлаймын» деді өз сөзінде М.Ибағаров. 
Театр репертуары «Абылайхан», «Бір түп алма ағашы», «Бес бойдаққа бір той» қойылымдарымен жалғасатын болады.

АО
АО
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік қоғамы