Рус

Жаңалықтар

Қоғамдық тыңдау өткізілді

«Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының акт залында  даңқты энергетик, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Мұнай өнеркәсібінің үздігі, Жаңаөзен қалалық партия комитетінің 1-хатшысы, «Өзенмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының бас энергетигі, «Маңғыстаумұнайгаз» өндірістік бірлестігінің бас директоры, ҚР Энергетика және отын қорлары министрінің бірінші орынбасары, «Қазақмұнайгаз» мемлекеттік холдинг компаниясының 1-вице-президенті, «Қаражамбасмұнай» ААҚ өндірісті ұйымдастыру жөніндегі орынбасары болып ел үшін  еміреніп еңбек еткен Нұрлыхан Өтеуұлы Бекбосыновты мәңгі есте қалдыру мақсатында Аманжан Өтесінов бастаған ынталы топтың ұйымдастыруымен қоғамдық тыңдау өткізілді.

«Нұрекең Қазақстанның мұнай-газ саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан бірегей тұлға. Ол өзінің еңбек жолын «Маңғышлақмұнайгазбарлау» тресінде бастады. 1958-жылы Маңғышлақ жаңа алаңында шебер Константин Бураковтың бұрғышылар бригадасының Түбіжік, Қызан, Имағанбет, Жетібай, Өзен, Қоқымбай, Ақсу және басқа да алаңдарда алғашқы барлау скважиналарын салуға қатысып, кәсіптік қыр-сырын меңгерді. Ағаның жастарға өнеге болатын өмір жолы бір кітапқа жүк болатыны айтпаса да түсінікті.

Ел құрметін күшпен ала алмайсың, ол үшін елге қалтқысыз еңбек етуің керек. Әкесінің емес, адамның баласы бола білген бірегей тұлға Нұрағаң туралы «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының қаражатымен фильм түсіріліп, көрермендерге жол тартты. Ел барда, ер есімі өшпек емес!»-деді бас директордың транспорт және әлеуметтік сұрақтар жөніндегі орынбасары.

Басқосуда Нұрекеңнің өзін көріп, сөзін естіген ардагер-мұнайшылар естеліктер айтты. Олар бірауыздан қайталанбас тұлғаны тарихта қалдыру үшін есімін көшеге беру, Ақтаудағы энергетиктер колледжін Нұрекеңнің атымен атау, Жаңаөзен қаласына бюст орнату керек деген ұсыныс жасады. Ұсыныс көпшілік тарапынан бірауыздан қолдау тапты.

 

АО
АО
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік қоғамы