Рус

Жаңалықтар

Ұлттық спорт ойындары өтті

05 қыркүйек, 2019

"Арыстан - аң патшасы, жылқы - мал патшасы" демекші «Өзенмұнайгаз» АҚ 24 тамыз күні Құланды ауылының «Аққанат» атшабар алаңында ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырды. Қазақ мұнайының 120 жылдығы және Өзен кенорнының 55 жылдық мерейтойы аясында өткен спорт додасына облысымыздың және көрші өңірлердің атбегілері қатысты. Көрермендер аударыспақ, құнан бәйге, тай жарыс, топ бәйге, жамбы ату және аламан бәйге тартыстарын қызықтады. Шараға қала әкімінің орынбасары Аманғали Нұрдәулетов қатысып, «Өзенмұнайгаз» АҚ ұжымын және жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады.

Тай жарысында "Алторы" сәйгүлігі мәре сызығын бірінші болып кессе, құнан жарысында Алдаберген Бажиковтың "Айтұмары" оқ бойы озық келіп, топ бәйгенің бас жүлдесін Жасталап Қонқиевтің тұлпары қанжығасына байлады. 
Жылқы десе ішкен асын жерге қоятын, дода десе делебесі қозатын дүйім жұрттың асыға күткен аламан бәйгесінде 37 сәйгүлік 27 шақырым қашықтықты бағындырды. 9 айналымда бәйгенің алдын бермеген жаңаөзендік атбегі Дүйсенғали Бөлтековтің "Сүлікқарасы" топ жарып, бас бәйгеге тігілген “NIVA URBAN” автокөлігін иемденді.

Бұл "Сүлікқараның" биылдыққа қанжығалаған төртінші жүлдесі. Екінші болып Алмас Абдуллаевтің сәйгүлігі келсе, үштікті бейнеулік Үсен Айтбаевтың тұлпары түйіндеді.
Жеңімпаздардың барлығы да ұйымдастырушылар атынан марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.

Бас директордың адами ресурстарды басқару жөніндегі орынбасары Бауыржан Мамбетсапаев спортсүйер қауымды мерекемен құттықтап, қашанда ұлттық спортқа жанашырлық танытып жүрген «Өзенмұнайгаз» АҚ алдағы уақытта да бұл саланы дамытуға барынша қолдау білдіретінін айтып, компания басшысы Есен Өтеевтің сәлемдемесін жеткізді.

«Өзенмұнайгаз» АҚ №3 МГӨБ қызметкері Күнсұлу Айтешова «Арман тұлпарлары» ат спорты федерациясының төрағасы Орынбасар Құлбековке өңірдегі ат спортын дамытып, «Аққанат» ипподромын жаңғыртқаны үшін алғыс айтып, "Ер қанаты - ат" демекші арғымақ сыйға тартты.

Спорт мерекесінде ұйымдастырушылар сондай-ақ, ат спортын дамытуға атсалысып жүрген бірқатар меценат азаматтар - Жаңбырбай Дәрменов, Исенбай Қалдаманов, Бисебай Табылдиевтерді марапаттап, иықтарына шапан жапты.

АО
АО
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік қоғамы