Рус

Жаңалықтар

Қайырымдылық көрсетілді

05 қыркүйек, 2019

Германияның Берлин қаласында соңғы ем-шараларын қабылдап, аяғына протез салдырып келген Динара Тынымбай 25 тамыз күні таңғы сағат 5.00-де туған топыраққа аяқ басты. Динараны Есен Оғланұлы Өтеев бастаған «Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкерлері және туған-туысқандары Ақтау әуежайынан күтіп алды.

Есен Оғланұлы Динараға гүл шоқтарын ұсынып тұрып: 
- Қиындыққа мойымай, тағдырға қасқайып қарсы тұру ержүрек жандардың ғана қолынан келген. Сен батыр қызсың. Тезірек қатарыңа қосылып, шауып кет. Біз әрдайым саған тілекшіміз, - деп қадамына құтты болсын айтты.

Естеріңізге сала кетейік, Динара Тынымбай 2017 жылдың қараша айында Теңге ауылында «Газель» автокөлігі мен тепловоздың соқтығысуы нәтижесінде орын алған аса үлкен жол апатында екі бірдей аяғынан айырылған болатын. «Газель» автокөлігінде болған 36 адамның 9-ы қайтыс болып, қалғандары түрлі деңгейдегі жарақат алды. «Өзенмұнайгаз» АҚ оқиға орын алған күннен бастап, барлық зардап шегушілерге компания атынан қаржылай көмектерін көрсетті. Кәсіпорын қызметкерлері 10 млн. теңге, «Өзенмұнайгаз» АҚ кәсіподағы 1,5 млн. теңге, «Өзенмұнайсервис» ЖШС 3,5 млн. теңге қаражат жинап, оны қайтыс болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына берді. Динара Тынымбайға ота жасату үшін осы уақытқа дейін компания тарапынан 10 миллионға жуық қаржы берілді. Протез орнату үшін қажетті соңғы 16,5 млн. теңгені Алик Серікұлы Айдарбаевтың бастамасымен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қаражат бөлді.

Динараға осы уақытқа дейін Ресей, Швейцария, Германия елдерінде 6 рет ота жасалды. Соңғы 2 айда Динара Тынымбай анасымен Германияның Дудерштадт қаласында ем қабылдады. Соңғы протез қою жұмыстары әлемдегі осы сала бойынша үздіктердің бірі Берлиндегі «Отто БОК» клиникасында жүзеге асырылды.

Ғалия Еңсегенова, Динараның анасы:
- 2017 жылы басымызға осы қайғы түскенде, бүкіл жарық дүние төңкерілгендей болып, шарасыз күйде қалдық. Алдағы өміріміз не болады деген сұрақ жанымды жегідей жеді. Бірақ осындай ел ағаларының арқасында бүгін өшкенім жанып, өлгенім тірілгендей қуанып тұрмын. Әрине, қызым жүгіріп кеткен жоқ, бірақ осылай аяқтарымен жерді басып тұрғанының өзі маған зор қуаныш. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаевқа, «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Есен Өтеевке, шетелде бізге жол көрсетіп, қызымның қасында болған «Өзенмұнайгаз» АҚ Жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры Әділ Сүйебайға алғысым шексіз. Бізге тілекші болған барша Жаңаөзен халқына, бір күндік жалақыларын аударған мұнайшыларға Алла риза болсын, - деп көзіне жас алды.

АО
АО
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік қоғамы