Рус

Жаңалықтар

Мұнайшының баласы қола жүлдегер атанды

№1 Скважиналарға қызмет көрсету басқармасының механигі Тойлыбек Пәшиевтің ұлы Марлен Әділ Алматы қаласында дзюдо күресінен жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. 65 мемлекет қатысқан дүбірлі додада 60 келіге дейінгі салмақта күрескен Мәрлен Өзбекстан, Марокко, Грузин мемлекеттерінің спортшыларын таза жеңіспен жеңіп, әзірбайжандық Камран Сүлеймановтан вазари әдісімен жеңіліп, есе жіберіп алды. Жүлделі ІІІ орынға Батыс Қазақстан облысының палуаны Нұрсұлтан Зайзағалиевпен таласып, қола жүлдегері атанды.  

Жас спортшы бұған дейін Қазақстан чемпионатының қола, күміс жүлдегері, халықаралық турнирлердің жеңімпазы, Еуропа-Азия кубогінің қола, күміс жүлдегері, тіпті жеңімпазы атанған болатын.

«Дзюдо күресінен пәленбай мықтының ішінен топ жару оңай емес. Қола жүлдегері атану - үлкен жетістік деп есептеймін. Өте қуаныштымын. 17 жасар спортшының алар асулары, бағындырар биіктері алда деп ойлаймын. Мәрлен болашақта чемпион атанып, еліміздің әнұранын шырқатады деп сенемін» - деді жас палуанның бапкері Сапар Боранбай.

Әлем чемпионатының қола жүлдегеріне халықаралық федерация медаль мен 500 доллар қаражат тапсырды. Маңғыстау федерациясы Марленді тұлпарға мінгізіп, оның бапкеріне 300 мың теңгелік сертификат табыстады. Наурыз Сақтағанов басшылық ететін «Өзенмұнайгаз» АҚ кәсіподақ ұйымы ақшалай демеушілік көрсетті.

Еліміздің мерейін көтеріп, абыройын асқақтатып жүрген Мәрлен бауырымызға Алланың нұры жаусын. Құрыш білекті, алып жүректі, қайсар да қайратты Мәрлен сияқты жігіттеріміз көп болсын!

АО
АО
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік қоғамы