Рус

Жаңалықтар

Басты құндылық – мұнайшы өмірі

2019-жылғы 16-қазанда Жаңаөзен қаласындағы «Мұнайшы» мәдениет сарайында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Еңбекті және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі басқарушы директоры Винсент Спинеллидің басшылығымен қауіпті аймақ болып саналатын өндірісте еңбек қауіпсіздігін сақтау мақсатында темірдей тәртіп орнату арқылы жазатайым оқиғаларды болдырмау жолдары талқыланған көшпелі кеңес өтті. Аталған кеңес «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Си Бу» инженерлік бұрғылау компаниясы», «КезБИ», «М-Техсервис», «ҚазТехМұнайСервис», «ҚМГ-Бұрғылау» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге арналды.     

Маңызды шараға «Қазмұнайгаз» АҚ» ҰК Еңбекті және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі тең басқарушы директоры Қ.Сақтағанов, ҚМГ Еңбекті қорғауды, өнеркәсіптік қауіпсіздікті және қоршаған ортаны қорғауды корпоративтік басқару департаментінің сарапшысы А.Аренов, «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Н.Әбдірахманов, «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директорының техника қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі орынбасары Ө.Тұрсабеков, ӨМГ басқарма директорлары, цех басшылары, мұнай сервистік компаниялар қатысты.

Спикерлер өз саласы бойынша баяндама жасап, жиналысқа қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, пікір алысты.

Көшпелі кеңестің мақсаты – Компанияның №1 құндылығы болып саналатын кез келген қызметкердің тиімді еңбек етуі үшін қажетті жағдай жасау арқылы еңбек қауіпсіздігімен қамтамасыз ету. Кәсіби сырқат пен өндірістік жарақатты болдырмау, апатты оқиғалардың алдын алу болып табылады.

«Компания үшін басты құндылық – мұнайшы өмірі, оның амандығы. Таңертең ел игілігі үшін жұмысқа кеткен мұнайшы кешке қарай отбасына оралуы керек. Мен Маңғыстауға осымен 20-шы рет келіп тұрмын. Еңбек қауіпсіздігіне салғырт қарайтын компания ешқашан үздіктер қатарына ене алмайды. «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы 2019 жылды «Еңбекті қорғау» жылы деп жариялап, біршама жақсы іс-шараларды жүзеге асырып жатыр. Соңғы бесжылдықта Өзен кенорнында еңбек қауіпсіздігін сақтамау салдарынан орын алып отырған жазатайым оқиғалар саны едәуір азайды. «Сақтансаң, сақтармын» деген, әркім бір-ақ рет ғана берілетін өміріне аса жауапкершілікпен қарағаны абзал», - деді Винсент Спинелли.

АО
АО
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік қоғамы