Рус

Жаңалықтар

МҰНАЙ САЛАСЫ АРДАГЕРЛЕРІ АҚЫЛ-КЕҢЕСІН ОРТАҒА САЛДЫ

Компания мұнай өндіру көлемін ұлғайтумен қатар жылдық жоспарды орындауға мүдделі. Жоспардың орындалуы – Қоғам мен еңбек ұжымы үшін аса маңызды. Жылдың соңғы айында мұнай өндіру көрсеткішін қалыпқа келтіру, сонымен қатар алдағы жылы нәтижелі болуы үшін тиісті іс-шара жоспарын жасақтау басты назарға алынып отыр. Осы орайда мұнай және газ кешені ардагерлері «Өзенмұнайгаз» АҚ директорлар кеңесі тәуелсіз директоры, сала ардагері Аманжан Өтесінов, ардагер мұнайшы Құрақ Тілеуқұловтармен кездесу өткізіліп, өндірістің өзекті мәселелері талқыланды.

– Өзен және Қарамандыбас кен орындары мұнайының сапасы әлем бойынша бірегей деуге болады. Тек қана Қытайдың Қарамай кен орнының мұнайымен пара-пар. Өзен кен орны ашылғалы бері талай қиын кезеңдерді бастан өткізді. Ел азаматтарының арқасында көз тіккен шетелдік компанияларға берілмей, бірнеше рет алып қалған сәттер де болды. Бүгінде ел ризығына бұйырған кен орында кәсіби білікпен, жауапкершілікпен, ауызбіршілікпен, адалынан жұмыс істеу қажет. Өнім көрсеткішін түсіріп алсақ, оны қайта орнына әкелу оңай емес. Сол үшін де бір адамдай қызмет етейік, - деді А.Өтесінов.

Басқосуда өндірістің өзекті мәселелері талқыланып, мұнай өндіруге кедергі келтіріп жатқан жағдайлар сөз болды. Ардагер мұнайшы Қ.Тілеуқұлов ағымдағы жылдың мұнай өндіру көлемі жайында әзірленген есеп алдағы жұмысты ұйымдастыру үшін нағыз жол сілтеуші карта екенін айтып өтті.

«Біз скважинаға тірі ағза ретінде қарап, оның тіршілігі тоқтап қалмас үшін уақытпен санаспай еңбек ететінбіз» деген сала ардагерлері, ел игілігі үшін атқарып жүрген іске жауапкершілікпен, сүйіспеншілікпен қарауға шақырды.

 

АО
АО
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік қоғамы