Рус

Жаңалықтар

«БАЛАҚАЙДА» 28-БАЛАНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

«Балақай» оңалту орталығында бір жастан кеткен Ахмет Абдулланың тұсауы кесілді. Дәстүрлі шараға Автоматтандыру және телекоммуникация басқармасы ұжымы, сонымен қатар маңғыстаулық қоғам белсенділері Мекен Айшуақов, Қосқали Тындырғанов, ағайынды Нұрлан мен Фархад Мұсаевтар қатысты. Қонақтар балапанның қадамына ақ жол тілеп, «болашағы жарқын болып, ешқашан сүрінбесін» деген игі ниеттерін жеткізді.

Ерекше дайындықпен бар жақсысын жиып келген АжТБ еңбек ұжымы атынан директоры Марат Садықов сөз алып, «аттай шауып, қозы-лақтай секіріп кетсін» деген тілегімен Ахметтің тұсауын кесті.

– Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының «Жұрттың көбіне ақыл берілгенімен жүрек бәріне бірдей берілмеген» деген сөзі бар. Бүгінгі балапанымыздың тәй-тәй басып, аяққа тұрғанына өте қуаныштымыз. Жақсылық-бізді жақындастырады, достастырады, бір-бірімізге деген сыйластығымызды арттырады. «Өзенмұнайгаздың» демеушілігімен іске қосылған «Балақайда» әрбір мұнайшының өзіндік үлесі бар. Ахмет баламыздың көрер қызығы мол, жүрер жолы ұзын болғай, - деді АжТБ директоры Марат Садықов.

Жақсылыққа ақ пейілімізбен келдік деген басқарма қызметкерлері  тәй-тәй басқан қуаныш тойына шашу шашып, барша қатысушыларға мерекелік дәм үлестірді.

– Дүние есігін ашқанына 17 күн болғанда, денсаулығы сыр берген Ахметте жүрек ақауы анықталады. Алты сағаттық ота қызылшақа сәбиге оңай соқпады. 10 айлық балаға екінші рет ота жасалды. Еңбектемек түгілі, кеудесін көтере алмады. Бүгінде үш рет емдік курстан өткен балапанның нәтижесі керемет,-деді анасы Ақмарал Мұхаммедова.

Балапанға пультпен басқарылатын ойыншық мотоцикл, қыстық күрте мен мерекелік киім, торт, жеміс-жидектер мен тәттілер салынған кәрзеңке сыйға берілді.

АО
АО
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік қоғамы