Рус

Жаңалықтар

ЭНЕРГЕТИКА САЛАСЫ ҚАЙСАР АРУЛАРЫ

Сая Алқамова 2001 жылдан бері ӨЭМБ-да табан аудармай істеп келе жатқан білікті маман.

Ол Маңғыстау облысы, Ұштаған ауылында туған. 1989 жылы жоғарғы білімді мектепке дейінгі білім беру мамандығы бойынша алғандықтан, алғашқы еңбек жолын тәрбиешіліктен бастайды. Ол кезде балабақшалар «Өзенмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасының қарайтын.

«Алматы энергетикалық институына тапсырып, екінші мамандықты алып, 2001 жылы «Өзенэнергомұнай» басқармасына электрораушы болып жұмысқа кірдім. Қазір цехтың бригадирімін. Біздің жұмыс екі адамның қол еңбегінсіз өнбейді. Сол себепті де қыздармен бірігіп жасаймыз. 11 квт-дан 110 квт-ға дейінгі өндіріске қажетті қозғалтқыштарға күрделі жөндеу жасалады. Слесарь жігіттер электрқозғалтқыштардың роутерін ашып, пешке салып, күйдіріп, статорын шығарып береді. Дайын статорға сызбаға сәйкес мыс ораймыз. Зейнетке шыққан апалар үйреткен жолмен келеміз, – деді С.Алқамова.

Өзен және Қарамандыбас кен орнындағы тербелмелер электрқозғалтқыштан тоқ алу арқылы жұмыс істейді. Ал электрқозғалтқыш істен шықса, тербелмелер тоқтап қалады. Мұнай өндірісі үшін маңызды қызмет атқаратын мұнайшы қыз-келіншектердің еңбегі сырт көзге елеусіз көрінгенмен өзіндік қиындығы бар. Қолмен мыс орау – асқан сабыр мен икемді талап етеді.

– Орындықта отырып, сым орау оңай жұмыс болып көрінетін болар. Жиырма жылдан аса осы іспен айналысып келе жатқан маман ретінде олай емес дер едім. Қолдан қол қалмай, ауырады. Айналымға қарай қағаздарды қолмен қиып, оны статорға мыспен бірге орналастырамыз. Жұмыс барысында электрқозғалтқыштағы шыны мақта тыныс жолдары арқылы ағзамызға түсуі мүмкін. Бұл денсаулыққа өте зиян. Аптасына 7 электрқозғалтқыштан шығаруға тырысамыз. Қажеттілік туындаған кезде айына 70 электрқозғалтқыш тапсырған кездер болды, – дейді Сая.

Электрқозғалтқыштарды мыспен орау көлемі мен айналымына қарай уақыт алады. Кем дегенде бір күн, айналымы көптеуі екі-үш күн жасалады.

Өндірісті энергиямен қамтумен айналысатын келесі бір кейіпкеріміз Айман Түсіпова басқармада электромонтер болып 1998 жылдан бері қызмет етіп келеді. Алғаш еңбек жолын қоймашы, электрқозғалтқышты тіркеу бойынша бақылаушы болып бастайды. Одан кейін 2-дәрежелі электромонтер ретінде қайнаған еңбекке араласады.

– 1967 жылы дүниеге келдім. Мектепті де, мамандықты да Ақтау қаласында оқыдым. Бірінші мамандығым аспазшы-сатушы болды, бұл салада да қызмет етіп көрдім. Екінші мамандығым бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика. Мұнай саласында қызмет етіп келе жатқаныма 25 жылға жуықтады. 7 күн жұмыс жасап, 7 күн демаламын. Қанша жерден ер адамға тән жұмыс десек те, мен бұл саланы еш қиын көрмедім, қазір де ауыр демеймін, – дейді.

Жұмысымен таныстырған 5-дәрежелі электромонтер Айман Айтбайқызы әріптестерімен бірге атқаратын маңызды міндеттерін әңгімеледі. Скважиналарды тазалау, электрқозғалтқыштардың жұмысын қадағалау, күйіп кеткен жағдайда ауыстыру, сонымен бірге жоспарлы алдын ала жөндеу жүйесін жүргізеді. Бұл – механизмдердің мерзімінен бұрын тозуын болдырмауға, оларды жұмысқа жарамды күйде ұстауға бағытталған іс-шаралар кешені болып табылады екен.

Айман Түсіпованың 3 ұлы бар. Үшеуі де аяқтанған. Әр аптада вахтаға жұмысқа кеткен әжесін Ақтаудағы немерелері сағына күтіп отырады.

– Басқармада 450-дей электромонтер бар болса, біздің цехта соның тоғызы жұмыс істейді. 1 вахтада 4-5 адамбыз. Тербелмелерге тоқ береміз. Айман апа жұмысына өте тиянақты, ортада сыйлы. Арамызда жалғыз «гүліміз». Көп жағдайда телефонда отырып, орталықтан өтінімдер қабылдайды. Жігіттер үлгермей жатса, түздің жұмысына да араласа береді, – дейді №1 өндірістік энергетика қызметі шебері Ерсайын Тілеуқұлұлы.

АО
АО
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік қоғамы