Рус

Жаңалықтар

«БАЛАҚАЙДА» 29-БАЛАНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Жаңа жыл қарсаңында «Балақай» оңалту орталығында жақсы жаңалық орын алды. 29-баланың тұсауы кесілді.

Бір жарым жасында аяғына тұрған Інжу Түгелбайдың тұсауын МӨҚжТКЖБ директоры Нұрберген Жомартұлы кесіп, балапанның қадамына құт тіледі. Ақ жолмен жүріп, абыройлы болып өсуіне тілектестік білдірді. Басқарма атынан Інжу балапанға пультпен басқарылатын көлік, тәттілерден салынған кәрзеңке, қуыршақ және ойыншықтар табыс етілді.

Шараға басқарманың бірқатар қызметкерлері, оңалту орталығы мамандары мен ата-аналар қатысты.

– Игі іс ұжымның ауызбіршілігінің арқасында іске асып, тұрақты түрде жұмыс жасап жатыр. Нәтижелерді көріп, елге пайдамыздың тиіп жатқанын сезінгенде, бойымызды қуаныш кернейді. Екі жылға жуық уақыт ішінде көптеген жетістік орын алды. Алдағы уақытта тек жалғаса берсе деймін, - деді жұртшылық және мемлекеттік органдармен байланыс бөлімі басшысы Әділ Сүйебай игі іске үлес қосып отырған әрбір мұнайшыға алғысын білдіріп.

Он айында еңбектеп, жар жағалай бастаған Інжу Түгелбайда аяқ астынан денесінде құрысу орын алады. Енді тәй-тәй басуға ұмтылып жүрген балапан, тіптен отыра алмайтын хәлге жетеді. Ата-анасы дәрігерлерге қаратып, массаж маманының айтуымен «Балақай» оңалту орталығына алып келеді. Балада оң өзгеріс бір реттен-ақ байқалып, міне бүгінде өзі тұрып, жүре алады. Балапанның қадамы құтты болғай!

АО
АО
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік қоғамы