Рус

Жаңалықтар

«БАЛАҚАЙДА» 32-БАЛАНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

«Балақай» оңалту орталығында 32-баланың тұсауы кесілді. Әмір Сайынның атты екі жастан асқан балапанның тәй-тәй басқан қуанышына Химияландыру және экология басқармасы ұжымы қатысты.

Сөз алған аталмыш басқарма директоры міндетін атқарушы Бақытбек Мергенбаев Әмірге «дені сау, көңілі дархан даладай бауырмал, қадірлі, қайырымды көпшіл азамат болып өссін, молшылықта ғұмыр кешсін» деген жүрекжарды тілегін жеткізді.

Ұжым атынан балапанға «Toyota Land Cruiser Prado» ойыншық көлігі тарту етілді.

– Қанша шаңырақтың қуанышына себепші болған мұнайшылар мен орталық дәрігерлеріне шын жүректен алғыс айтамын. Алла берген егіз баланың сыңары Әмірдің әлсіздігін байқап, бір жас үш айында орталыққа әкелдім. Тәжірибелі мамандардың арқасында балам 4 айдан соң аяққа тұрды. Әйтсе де оң жақ дене бөлігінің әлсіздігінен жүріп кете алмады. Емді жалғастырдық. Баламның аяғына тұрып ғана қоймай, жүргенін көріп қуаныштан жүрегім жарылғалы тұр, – деді Әмірдің анасы Әйгерім Қуанышбаева.

«Дүниеде баланың у-шуына жетер не бар?! Одан асқан сазды әуен ойлап табу мүмкін емес...» – депті батыр атамыз Бауыржан Момышұлы.

Қиындыққа тап болған балаларды мейірімге бөлеп, жарқын болашаққа деген үміт отын жаққан қайырымды жандарға мың алғыс!

АО
АО
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік қоғамы