Жаңаөзенде Оразмағанбет Тұрмағанбетұлының бюсі ашылды
«Өзенмұнайгаз» АҚ 60 жылдығы аясында компания ғимаратының алдында қазақтан шыққан тұңғыш геолог ғалым, ағартушы ұстаз, қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының мүшесі, қуғын-сүргін құрбаны Оразмағанбет Тұрмағанбетұлының биіктігі 3,3 метр бюсінің ашылу салтанаты өтті.
Шараға ҚР Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин, техника ғылымдарының кандидаты, геолог, ғалымның ұрпағы Марат Жолымбаев, ғалымның немересі Рамазан Көрпе, сала ардагерлері, компания ұжымы қатысты.
– Киелі өлкенің байлығы жайлы Оразмағанбет бабамыз өткен ғасырдың басында көрегендікпен: «Қойыныңа құт-қазынаны бөктеріп жатырсың-ау, кайран далам! Заман тынышталған соң, біздің ұрпақтарымызды асырайтын сен боларсың» деп зор шабытпен айтқан сөзі бүгінде ақиқатқа айналып отыр. Оның бюсінің «Өзенмұнайгаз» бас ғимаратының алдында тұруы – біз үшін зор мәртебе. Келешек жастарымыз ғұлама дарын иесі Оразмағанбет Тұрмағанбетұлының ғибратқа толы өмір жолын өнеге тұтады деп сенемін. Ел аман, жұрт тыныш болсын! Қазыналы мекенімізден құт кетпесін! Мереке мерекеге жалғаса бергей! – деді бас директор Жанболат Саймағанбетов құттықтау сөзінде.
Компания сыйлы қонақтар Марат Жолымбаев пен Рамазан Көрпенің иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Өз кезегінде қос азамат аталарын ұлықтап жатқан компанияға мұнаймен салынған Шерқала тауы бейнеленген картинаны сыйға тартты.
Шарада сөз алған Асылбек Айдаров, Жәнібек Қожықтар бабамыздың 1882 жылы Маңғыстаудың Қызылсу деген жерінде дүниеге келгенін, балалардың сауатын ашу мақсатында мектеп-медресе салдырғанын, қазақ зиялылары Бақытжан Қаратаев, Ахмет Байтұрсынұлымен бірге Алаш қозғалысының ісіне араласқанын, жер құрылысы, қазба байлығы, ауа райы, өсімдігі, шығыс медицинасы, халық емі сияқты ғылымдарға ерекше назар аударғанын, бүгінде ұрпағының елімізде және Иранда тұрып жатқанын айтып өтті.
Елі бар кезде ұлы тұлғаның есімі ұмытылмақ емес, ұлтының жолына жүрегін төсеген бабамызға мың тағзым!