Қазақ мұнайының өндіріле бастағанына 125 жыл, «Өзенмұнайгаздың» ашылғанына 60 жыл толуына орай ардагер мұнайшы Жәңгірхан Мыса тұрған үйге ескерткіш тақта қағылды.
Салтанатты іс-шараға ардагер мұнайшылар Мұрат Құрбанбаев, Асылбек Сырлыбаев, Ізберген Оспанов пен үзеңгілес достары, бас директордың адами ресурстарды басқару жөніндегі орынбасары Амантай Смадинов, отбасысы, тумаластары қатысты.
Көз көргендер марқұмның өңір мұнай газ саласына сіңірген еңбегі жайлы естелігін тебірене жеткізді.
Жәңгірхан Мыса 1950 жылы 19 қарашада Маңғыстау облысы Жармыш ауылында дүниеге келген.
Еңбек жолын Маңғыстау газ өндіру басқармасында 5-дәрежелі мұнай газ операторы болып бастап, кейін лауазым баспалдығымен көтеріліп, жауапты басшылық қызметтерді атқарған.
2007 жылы «ҚазГӨЗ» ЖШС директорының газ және газ конденсатын өндіру және геология жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалып, 2017 жылға дейін адал еңбек еткен.
Қадірлі азамат Маңғыстау облысының газ өндіру және игеру саласының дамуына мол үлес қосып, Теңге, Қарамандыбас, Өзен, Ақтас, Батыс Теңге кен орындарының игерілуіне қатысқан.
Ол білгенін жас мамандарға айтудан, көрсетуден еш жалыққан емес.
Еңбек етуді өмірінің мәні деп түсінген Жәңгірхан Мысаны өскелең ұрпақ мақтаныш етеді.