Тұсаукесер салтанатына бас директор Жанболат Саймағанбетов, Күрделі құрылыс департаменті директоры Бисен Ратов, Әлеуметтік саясат және әкімшілік қамту департаменті директоры Мұхамбетберді Суитов, басқарма директоры Нұрлан Балтаев, «Өзенмұнайгаз жұмысшыларының жергілікті кәсіподағы» ҚБ-ға қарасты басқарманың кәсіподақ төрағасы Сырлыбай Ерленовтер қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
– Бүкіл әлеуметтік проблемасы шешілген мұнайшы болашаққа мығым қарайды. Басшылық еңбек ұжымына барынша жағдай жасап келеді. Меніңше, заман талабына сай салынған ғимараттың ішінде әріптестеріміз білек сыбанып жұмыс істейді деп сенемін. Баршаңызды әр айдың жоспарын орындау үшін аянбай еңбек етуге шақырамын, – деді Жанболат Амангелдіұлы.
Шара барысында мердігер «Макс-КМ» ЖШС өкілі Бекзат Темірбаев ОӨТҚ басшысы Жеңіс Сариевке символикалық кілт табыстады.
Нысанның лентасын қию құрметіне бас директор мен ауысым инженері әрі 43 жыл еңбек өтілі бар ардагер Жаңыл Ерленова лайық деп танылды.