Компания акт залында «Еңбек ұжымдары арасында жазатайым оқиғалардың, өндірістік жарақаттардың, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы заңнамалық талаптарды кеңінен түсіндіру» тақырыбында мұнайшылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған басқосу өтті.
Жиынға бас директор Жанболат Саймағанбетов, Қарақия ауданының прокуроры Сержан Аманқұл, Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті басшысы міндетін атқарушы Бауыржан Кемалов, Қарақия аудандық полиция бөлімінің бастығы Ерлан Аманжол, бас директордың ЕҚ, ӨҚ және ҚОҚ жөніндегі орынбасары Болат Аманбаевтар қатысты.
Кездесу барысында өндірістегі ахуалды сақтау және қызметкерлердің құқықтарын қорғау мәселелері жан-жақты талқыланды.
–Мұнайшылардың қауіпсіздігі – біздің ортақ міндетіміз. Өмір күтпеген бұрылыстарға толы. Сондықтан өндірісте еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзбай, заңнама талаптарын қатаң сақтай отырып, тәртіпке бағынатын болсақ, жазатайым оқиғалардың алдын алуға әбден болады,– деді бас директор.