Басқосуға бас директордың еңбекті қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі орынбасары Болат Аманбаев, әлеуметтік саясат жөніндегі басқарушы директордың міндетін атқарушы Мұхамбетберді Суитов, басқарма директорлары, еңбекті қорғау қызметінің өкілдері, әлеуметтік сала қызметкерлері қатысып, медорталық бас дәрігері Гүлшат Нұрғожақызының баяндамасын тыңдады.
Баяндамада жиі кездесетін ауру түрлері, диспансер есебінде тұрған азаматтар санының көрсеткіші айтылды.
– Соңғы кезде мұнайшылар арасында жаман аурудың етек жая бастауы бізді алаңдатып отыр. Күнделікті стресс, ретсіз күн тәртібі, дұрыс тамақтанбау, үнемі ұйқы қанбауы, болмашы нәрселерді уайымдау, спортқа уақыт таппау – денсаулықты күйретіп тынады. Адам өз денсаулығына өзі жауапты. Үнемі холестерин мөлшері, қан қысымы, тері және кеуде обырына міндетті түрде тексерілуден өтіп тұрғандарыңыз абзал. Тағы бір ескеретін мәселе, есепте тұрған мұнайшыларымыз жылына екі рет уақытылы тексеруден өтіп, денсаулығына немқұрайды қарамағаны абзал, – деді бас дәрігер.
Сондай-ақ жиында тілге тиек болған диспансер есебінде тұрған мұнайшылардың жай-күйі, онкологиялық және созылмалы ауруларды азайту мақсатында жүргізіліп жатқан алдын алу шаралары секілді өзекті мәселелер талқыланды.