Жылы шуақты көктемнің алғашқы күні мұнайшылардың бастамасымен ашылған “Балақай” оңалту орталығында 3 рет емдік курстан өтіп, церебральды сал ауруы диагнозы қойылған Мұса Дүйсеннің тұсауы кесілді.
Бұл рәсімді баланың анасы Балжан Бердатованың қалауы бойынша орталықтың емдік дене шынықтыру инструкторы Оңдасын Аманжол орындады.
3 жасында тәй-тәй басқан Мұсаға “болашағы жарқын, дені сау, елім дейтін азамат болып өссін” деген игі тілектер айтылып, ойыншық көлік сыйға берілді.
Немересінің қадам жасаған сәтіне куә болып, бақыттан басы айналған балақайдың әжесі Гүлжамал мұнайшыларға алғыс айтып, шашу шашты.
Атам қазақтың «Қайраны жоқ көлден без, қайырымы жоқ елден без» дегені тегін емес. Қайырым мен мейірім болмаған жерде қоғам қатыгезденеді. Жақсылық жасаудан шаршамайық!