Рус

Жаңалықтар

Құрметті ұжымдастар!

Әлемнің 180 еліне тараған коронавирус инфекциясы біздің елімізге орасан зор қауіп төндіріп отыр. Бүгінгі таңда республикамызда 1275 адам қауіпті індетті жұқтырып алса, 15 адам бұл аурудың салдарынан көз жұмды.

Күн сайын ауырғандардың саны күрт өсіп келеді. Жаңаөзен қаласында 15 сәуірде тағы бір науқас тіркеліп, жалпы саны 3-ке жетті. Бұл қауіпке бей-жай қарап отыру отпен ойнағанмен бірдей. Сондықтан, «Өзенмұнайгаз» АҚ бас штабының шешімімен өндірістің тоқтап қалмауын қамтамасыз ететін қызметкерлерді ғана жұмыста қалдырып, ұжымның негізгі бөлігін кезекті еңбек демалысына,  сондай-ақ ҚР Еңбек Кодексінің 112 бабына сәйкес ай сайынғы жалақысының 70% төлеп, жұмыс орнын сақтау арқылы уақытша босатылады.

Қызметкердің ай сайынғы жалақы мөлшеріне лауазымдық қызмет ақысы/айлық тарифтік ставкасы және бекітілген кесте бойынша жасалған жұмыс сағатына сәйкес өндірістік сыйақысы енеді.

Әрине, қызметкерлер санының күрт азаюы өндіріске нұқсан келтіреді, бірақ біздің компаниямыз үшін адамның өмірі мен денсаулығы барлығынан қымбат. Коронавирус инфекциясы бір қызметкерге жұққан жағдайда, бүкіл ұжым арасына тез тарап кету қаупі өте жоғары. Осыған байланысты, компанияда маскалық режим енгізіліп, барлық нысандар антисептикалық сұйықтықтармен қамтамасыз етіліп, күнделікті дезинфекцияланады.

Пандемияға дейін 2 автобекеттен бір мезгілде 1550 қызметкер жұмысқа жеткізілген болса, қазіргі таңда 125-тен аспайды. Мұнайды дайындау және жөнелту цехында  112 қызметкер вахталық әдіске көшті.

Олар 4 мезгіл ыстық тамақпен, төсек орындары бар демалыс бөлмелерімен қамтамасыз етілген. Осы және басқа да сақтық шаралар тек қана коронавирус пандемиясына қарсы жүзеге асырылуда.

Төтенше жағдай аяқталған сәттен бастап барлық қызметкерлер дер кезінде жұмысқа қайта шығатын болады. «Жұмыс орындары қысқартылады», «компания сатылады», тағы сол сияқты қауесеттерге сенбей, ақпаратты Қоғамның сайты мен әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан ғана алуыңызды өтінемін.

Барлық ұжымдастарымды үрейге бой алдырмай, сабыр мен ынтымаққа шақырамын. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарсақ, бұл қиындықтан да аман-есен шығатынымызға сенемін.

Құрметпен, 
«Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Есен Өтеев

АО
АО
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік қоғамы