«Өзенмұнайгаз» жұмысшыларының қолдауымен іске қосылған Жаңаөзен қаласындағы «Балақай» оңалту орталығы церебральды сал ауруына шалдыққан балаларды сауықтыру бағытында жұмыс жасап келе жатқанына екі жылға жуық уақыт өтті. Осы мезгіл ішінде дерт меңдеген жүздеген балаға ем шараларын жүргізіп, 15 балақайға тілашар жасалды, 25 баланың тұсауы кесілді.
Бүгін үш жастан асқан Малика Досының тұсаукесеріне мұнай дайындау және өндіріске қызмет көрсету басқармасы директоры Сәкен Алшынбаев, бас есепші Жаңаберген Нәукебайұлы және бірқатар басқарма қызметкерлері, жұртшылық және мемлекеттік органдармен байланыс бөлімі директоры Әділ Сүйебай, орталық мамандары мен Маликаның туыстары жиналды.
С.Алшынбаев пен Ж.Нәукебайұлы құттықтау сөз алып, бүлдіршіннің қадамы оң болсын деген тілектерін жеткізіп, балапанға ұжым атынан мотоцикл табыстады.
– МДжӨҚКБ ұжымы еңбекақыларынан өздері қалаған қаражатын аудару арқылы оңалту орталығы жұмысының жүруіне, балалардың ем-дом қабылдауына ұйымшылдық танытып келеді. Осы ауызбіршіліктегі игі әрекеттеріңіз үшін алғыс білдіремін. Орталықтың жұмыс жасап тұрғаны, мамандардың біліктілігінің арқасында бүгін міне тағы бір бүлдіршіннің әрі ата-анасының бақытына куә болып отырмыз. Балаларымыз ауырмасын, бейбіт заман болсын! – деді басқарма директоры.