«Балақай» оңалту орталығында 30-баланың тұсауы кесілді. 3 жасар Алдияр Бақыттың тұсаукесер рәсіміне ардагер мұнайшы Мұрат Құрбанбаев, ақын Сабыр Адай, Маңғыстау аймағының бас имамы Әнуар Елжанов қатысып, қадам басқан балапанға Жаратқанның шапағат-шарапаты мол нұрын тіледі.
– Әрбір баланың аяққа тұруына өздерінің шипа-қасиеттерін аямайтын ұжымға алғысым зор. Алдияр баламыздың қадамы нық, болашағы жарқын болсын,– деді Мұрат Құрбанбаев.
Бұдан кейін сөз алған Әнуар Ізімбайұлы мейірім нұрын шашқан орталық жұмысына сәттілік тілеп, жаңаөзендік азаматтардың қайырымдылық істері тоқтап қалмайтынына сенімі кәміл екенін жеткізді.
– Қасиетті Құрани Кәрімде: бір адамның өмірін сақтап қалу, бір адамға өмір сыйлау – бүкіл адамзатқа өмір сыйлағанмен пара пар дейді. Әуелі Құдай, содан кейін сіздердің алтын қолдарыңыздың шарапатымен ем алып, мына дүниеге жаңаша қадам басып жатыр. Сауабы мол игі істердің жанынан үнемі табылатын ел азаматтарына, сіздерге Алла разы болсын, – деді Әнуар Елжанов.
Ұлт ақыны Сабыр Адай: Әрбір қазақ баласының тәй-тәй басуын көру – мен үшін ұлттың қуанышын көрумен бірдей.- деп, жүрекжарды лебізін жеткізді.
– Сәбилеріміз біздің бар үмітіміз, болашағымыз, өміріміздің сәні мен мәні. Тұтас бір ұлт ретінде қайғымыз да, қуанышымыз да ортақ. Жер ана сыйлаған байлықтың бәрі осы балаларымызға тиесілі. Болашаққа деген сенімді арттыратын игі істерге мұрындық болған «Өзенмұнайгаз» мұнайшыларына алғысым шексіз, – деді Сабыр Адай.
Көзіне жас алып, толқыған әжесі Майша Қожаниязова орталық қызметкерлеріне, сауапты істердің қасынан үнемі табылатын мұнайшыларға алғысын жеткізді.
Шара соңында қонақтар «Балақай» орталығының тыныс-тіршілігімен танысты.
Алдиярдың жүрер жолы ұзын, шығар тауы биік, көрер қызығы мол болсын!