14 наурыз, 2025
№3 МГӨБ-ке тиісті №3 Қабат қысымын сақтау цехы ұжымына жаңадан салынған әкімшілік-тұрмыстық ғимарат пайдалануға берілді.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына бас директордың бірінші орынбасары Нұрбол Ділмағамбет, басқарма директоры Әлібек Данабаев қатысып, сөз сөйледі.
– Амал мерекесімен тұспа-тұс келген жағымды жаңалық баршамызға құтты болсын! Мұнайшының әлеуметтік-тұрмыстық еңбек жағдайы мен демалысын жақсарту жөніндегі Жол картасы аясында заман талабына сай салынған ғимарат жайлы болсын. Мұнай жоспарын орындау жолында аянбай еңбек ете берейік, – деді Нұрбол Сембайұлы.
Аумағы 400 шаршы метрді құрайтын нысанда бірнеше жұмыс бөлмесі, акт залы, жуыну бөлмесі және қойма бар.
«Макс-КМ» мердігер серіктестігінің өкілі Ермұхан Сәбиев цех бастығы Ақан Жүсіпбековке нысанның символика кілтін табыстап, бірінші орынбасар мен цех бастығы лентасын қиды.