№3 МГӨБ-тегі 225 адамы бар Скважиналарды жерасты жөндеу цехында заман талабына сай салынған 500 шаршы метрді құрайтын жаңа нысан бой көтеріп, мұнайшылар игілігіне берілді.
Салтанатты жиынға бас директор Жанболат Саймағанбетов, басшы азаматтар мен ардагер мұнайшылар қатысып, игі тілегін жеткізді.
– Тынымсыз еңбек етіп, тер төгіп жүрген Сіздерге арнап салынған ғимарат құтты болсын. Өңір бойына қан құйып, қазанымызға ас салып отырған мұнайымыз көп болғай. Баршамыздың отбасымызға амандық, дастарханымызға молшылық тілеймін!, – деді Жанболат Амангелдіұлы.
Мердігер «Макс-КМ» ЖШС өкілі цех бастығы Хамит Өтеулиевке нысанның символ кілтін табыстады.
Мұнай саласының ардагерлері Досмұхан Қосмұханұлы мен Шатай Ерғалиев лентасын қиды.