Рус

Жаңалықтар

Бас директор №1,3 МГӨБ еңбек ұжымымен кездесті

«Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Жәнібек Қайырбекұлы кестеге сәйкес №1,3 МГӨБ еңбек ұжымымен кездесіп, 2018-жылдың қорытынды есептік жиналысын өткізді. Әріптестерін Жаңа жылмен құттықтаған бас директор 2019 жылдың «Еңбекті қорғау» жылы болып жарияланғанын мәлімдеді. Еңбекті қорғау жылында жазатайым оқиғаларды болдырмай, барынша еңбек қауіпсіздігін сақтап, еңбек етуге шақырды.

«2018-жылға 5 млн 590 мың тонна мұнай өндіру жоспарланған болатын. Біз 5 млн 480 мың тонна мұнай өндірдік. Жоспардың орындалмауының әртүрлі өзіндік техникалық себептері бар. Жаман көрсеткіш деп есептемеймін. Бұл көрсеткіште әрқайсыңыздың өзіндік үлесіңіз бар. Істің көппен бітетіні әлімсақтан белгілі жайт"-деді бас директор.         Басқосуда өндірістік және әлеуметтік мәселелер талқыланды. Көпшіліктің балаларымызды жұмысқа алсаңыз жақсы болар еді деген ұсыныс-тілектеріне бас директор жұмысқа адам алмау туралы меморандумның күшін жоймағанын алға тартты.

№3 МГӨБ Скважиналарды жерасты жөндеу бригада операторы Шәріп Ақжігітов қыстық арнайы киімдерді киіп жұмыс жасау өте ыңғайсыз екендігін алға тартты. №1 МГӨБ кәсіподақ төрағасы Ибрагим Сатыбаев «Айталық аппарат басқармасына уақытша экономист қажет болды делік. Аппарат басқармасы бұл маманды МГӨБ-тен алады, МГӨБ экономисті МГӨЦ-тен алады, МГӨЦ ол маманды топтық қондырғыдан алады. Ал топтық қондырғы қайдан алады?»-деп көпшілік көкейінде жүрген мәселені жаңылтпаш сұрақ қойып, мұнайшыларды ду күлдірді.Ол балалардың еліміздегі айналдырған 3-4 лагерьге бара бермей, шетелдік лагерьлерге барса жақсы болар еді деген ұсынысын айтты.

МГӨБ топтық қондырғыларындағы слесарьлар операторлармен бірге қоян-қолтық жұмыс жасап жүрсе де, операторлардан аз жалақы алатындарына қынжылыс білдірді.

Жерасты жөндеу және диагностикалау цехының қызметкерлері қазығы қағулы тұрғанына біраз болған асхананың бітпеуіне алаңдаушылық білдірді.Ссуда қаражатының көлемінің үй алуға жеткіліксіздігі де сөз болды. Бірнеше жыл жұмыс жасаса да, дәрежелері өспей жүрген әріптестеріміз бас директордан осы түйткілді шешіп беруін өтінді. №3 МГӨБ сораптар станциясының машинисі Күнсұлу Әйтешова қарапайым мұнайшылар мен басшылардың өте сирек кездесуі-проблемалардың қордаланып қалуына апаратынын еске салды.

Мұнайшылар 50 жылдық тарихы бар қаламызда мерейтой қарсаңында қала жолдарының жөндеуден өткізілмегеніне наразылық білдірді. «Маңғыстау облыстық әкімдігімен арадағы меморандумға байланысты Жаңаөзен қаласына бөлінетін 750 миллион қаражат мақсаты түрде жұмсалса, нұр үстіне нұр болса!»-деген тілектерін жеткізді.

Бас директор мұнайшылар қозғаған шешімін таппай тұрған мәселелер бойынша іс-шара жасақтап, жұмыстанатын боламыз деп уәде берді.

АО
АО
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік қоғамы